Ресей Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев Украинадағы қақтығысты тұрақты реттеу үшін Донбасс пен Ресейдің жаңа аймақтарындағы өзге де аумақтарды толық азат ету, Украинаның бейтарап әрі ядролық қарусыз мәртебесін қамтамасыз ету және Киевтегі қазіргі биліктің ұлтшылдық саясатынан бас тарту қажет екенін мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл туралы ол Иранның мемлекеттік телерадиокомпаниясына берген сұхбатында айтты.
Медведевтен Украинадағы қақтығысты саяси жолмен тұрақты реттеу үшін Ресей қандай шарттарды қажет деп санайтыны сұралған.
«Бұл шарттар көпшілікке жақсы таныс. Оларды алғаш рет еліміздің президенті Владимир Путин Ресей сыртқы істер министрлігінің алқа отырысында жариялаған болатын. Иран көрермендеріне арнап, оларды тағы бір рет атап өтейін. Ең алдымен, Украина мемлекеті бейтарап, ядролық қарусыз әрі тәуелсіз мәртебеге ие болуы керек», – деді Медведев.
Ресей Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасарының айтуынша, Украинаның мұндай мәртебесін қамтамасыз ету ел Конституциясында, егемендік туралы декларациясында және 1990 жылдардағы бірқатар басқа құжатта бекітілген негізгі қағидаттарға қайта оралуды білдіреді.
«Екіншіден, Украинадағы қазіргі биліктің ұлтшылдық саясатынан бас тартуы және орыс тілін қолдануға, жалпы орыс тілі мен Ресейге қатысты барлық нәрсеге тыйым салу тәжірибесі айыпталуы қажет. Бұл да қақтығысты реттеудің шарттарының бірі», – деп толықтырды ол.
Медведев Украинада орыс тілі украин тілімен бірдей белсенді қолданылғанын еске салды. Оның пікірінше, қазір елдегі орыстілді халыққа қатысты болып жатқан жағдайлар халықаралық құқық нормаларына қайшы келеді. Ол мұны «жақсылық пен жамандықтың шегінен шыққан әрекет» деп бағалады.
«Үшіншіден, Ресей Конституциясында көрсетілген аумақтар Ресейдің юрисдикциясына берілуі керек. Әңгіме Донбасс пен Ресейдің кейбір жаңа аймақтары туралы болып отыр. Яғни, Ресейдің егемендігін қалпына келтіру қажет. Бұған дипломатиялық реттеу арқылы қол жеткізуге болады. Бұл туралы бұған дейін де ашық айтылған. Егер бұлай болмаса, біз мұны әскери жолмен жүзеге асырамыз», – деді Дмитрий Медведев.
