Қазақстанның санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті москиттердің шағуынан болатын лейшманиоздың өлімге әкелетін қаупі туралы ескертті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Медиктердің мәліметінше, Қазақстанда висцеральды лейшманиоздың табиғи ошақтары Қызылорда облысында сақталған, онда соңғы жағдай 2016 жылы тіркелген. Тері лейшманиозы кең таралған, оның табиғи ошақтары Түркістан облысының Отырар, Шардара және Арыс аудандарында орналасқан.
Лейшманиоз – паразиттік ауру, ол жұқтырған москиттердің шағуы арқылы адамға беріледі. Ауру тері, шырышты-тері және висцеральды формада өтуі мүмкін. Ең қауіптісі – ішкі ағзаларды зақымдайтын висцеральды форма.
Инфекцияның негізгі резервуары – жабайы кеміргіштер, тасымалдаушылар – москиттер. Жұқтыру қаупі шілде айының соңынан қазанға дейін, москиттердің белсенділік кезеңінде жоғары.
Инкубациялық кезең әдетте 2-3 аптаны құрайды. Тері формасы терінің ойық жаралы зақымдануымен және кейін тыртық пайда болуымен көрінеді. Ауру адамнан адамға берілмейді. Лейшманиозға қарсы арнайы профилактика (вакцина) жоқ.
Аурудан қорғану үшін репелленттерді, москит торларын қолдану, жабық киім кию және кешкі және түнгі уақытта ашық ауада болуды шектеу ұсынылады. Сондай-ақ терезелер мен есіктерге қорғаныс торларын орнату және аумақтардың тиісті санитарлық жағдайын сақтау маңызды.
«Эндемиялық аудандарға барғаннан кейін температура, терінің ойық жаралы зақымдануы немесе лимфа түйіндерінің ұлғаюы пайда болса, медициналық көмекке жүгіну қажет», – деп атап өтті санитарлық-эпидемиологтар.
Эндемиялық аудандарда инфекцияның таралуын болдырмау үшін тұрақты негізде мониторинг, дезинсекциялық және дератизациялық іс-шаралар жүргізіледі.
Бұған дейін «Курсив» кенелер туралы жазған болатын. Маусым басталғаннан бері Алматыда кене шағуынан кейін медициналық көмекке 2 023 адам жүгінген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 11%-ға көп. Зардап шеккендердің жартысына жуығы – 14 жасқа дейінгі балалар. Кене энцефалитінің екі жағдайы тіркелген, екеуі де вакцинацияланбаған.
