Биылғы жылдың алғашқы жартысында медициналық-санитариялық алғашқы көмек қызметіне азаматтардан 3 мыңға жуық шағым түскен. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Ақмарал Әлназарова медициналық қызметтердің сапасын арттыру мәселелері жөніндегі кеңесте 2026 жылдың алғашқы жартысында медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарына азаматтар 62 млн рет жүгінгенін, ал 2 925 шағым түскенін мәлімдеді.
Шағымдардың негізгі себептері
Әлназарованың айтуынша, шағымдардың басым бөлігі бейінді мамандарға қолжетімділікке, қабылдауға жазылу мен пациенттерді тиісті мамандарға бағыттауға, медициналық әдептің сақталуына, диспансерлік бақылаудың уақтылы жүргізілуіне және дәрі-дәрмекпен қамтуға қатысты болған.
Өңірлер бойынша өсім
Шағым санының ең жоғары өсімі Маңғыстау облысында тіркеліп, 4,3 есе артқан. Шығыс Қазақстан облысында бұл көрсеткіш 2,6 есе, Қарағанды облысында 2,3 есе, Ақмола облысында 2,1 есе, ал Астанада екі есе өскен.
Қабылданған шаралар
Кеңес қорытындысы бойынша өңірлерде тәжірибелі дәрігерлердің, мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен арнайы штабтар құру тапсырылды. Олар мемлекеттік және жекеменшік емханалар мен стационарлардың жұмысын жан-жақты зерделеп, шағымдардың түсу себептерін анықтауға, сондай-ақ қызмет көрсету сапасы ұдайы төмен медициналық ұйымдар бойынша нақты ұсыныстар енгізуге тиіс.
Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Ақмола облыстарындағы, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларындағы жағдайға ерекше назар аудару тапсырылды. Аталған өңірлердің әрқайсысы бойынша төмен көрсеткіштердің себептеріне жеке талдау жасалуы қажет.
