Медеуде автотұрақтың бағасы төмендетілді, енді 15 минут тегін тұруға болады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің араласуымен Медеудегі ақылы автотұрақтың бағасы өзгерді. Бұған дейін оператор сағатына 500 теңге мөлшерінде бірыңғай тариф енгізген, ал көлікті уақытша тегін қоюға мүмкіндік болмаған.
Агенттік мамандарының айтуынша, өз көлігімен Медеу және Шымбұлақ биік таулы курорттарына келетін азаматтар 12 сағаттық тұрақ үшін 6 мың теңге, ал 24 сағат үшін 12 мың теңге төлеген. Сондай-ақ төмен түскен кезде көлігін күтіп отырған азаматтар үшін тегін күту кезеңі мен баламалы автотұрақтардың болмауы қолайсыздық туғызған.
Осылайша, "Chimbulak Development" ЖШС халықтың қоғамдық және табиғи-мәдени құндылықтарға жататын нысандарға қол жеткізуіне кедергі келтірген. Тексеріс нәтижесінде компания тұрақ ақысын өзгерткен. Қазіргі кезде 15 минуттық тегін тұрақ уақыты бар, ал автотұрақтың тәуліктік ең жоғары құны 4 500 теңгеден аспайтын болды.
