Алматыда Медеу мен «Шымбулақ» тау шаңғы курорты арасындағы учаскеде инженерлік инфрақұрылым құрылысы жалғасуда. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Жұмыстар Алматы қаласының энергетика және сумен жабдықтау басқармасының тапсырысы бойынша жүргізілуде. Жоба коммуналдық жүйелердің сенімділігін арттыруға және туристік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.

Жоба аясында орташа қысымды 5,7 км газ құбыры және 2,7 км кәріз желісі салу жоспарланған. Бұл Медеу – «Шымбулақ» бағыты бойындағы нысандарды, оның ішінде тау шаңғы курортының аумағын инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта мердігер ұйым құрылыс-монтаж жұмыстарына кірісті. Газ құбырының алғашқы учаскелерін монтаждау, кәріз желілерін салу және темірбетон құдықтарды орнату жүргізілуде.

Инженерлік желілердің құрылысын 2026 жылдың қараша айының соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Әкімдікте барлық жұмыстар жобалық құжаттамаға, құрылыс нормаларына және экологиялық талаптарға сәйкес жүргізілетінін атап өтті. Табиғи ландшафтты сақтауға және қоршаған ортаға әсерді барынша азайтуға ерекше көңіл бөлінеді.

Құрылыс-монтаж жұмыстары кезінде жекелеген учаскелерде қозғалысты уақытша шектеу және арнайы техниканың жұмыс істеуі мүмкін. Алматы тұрғындары мен қонақтары сапарларын жоспарлау кезінде осыны ескерулері сұралады.

Бұған дейін «Курсив» Алматыда 16 маусымнан бастап Медеу биік таулы спорт кешенінің жанындағы тұрақ жабылатынын хабарлаған болатын.