Қостанай облысының Бейімбет Майлин ауданында ер адам мас күйінде көлік басқарғаны үшін бір жыл тоғыз айға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Бұған дейін ол жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырылған болатын. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Облыс прокуратурасының мәліметінше, ер адам қайтадан алкогольдік масаң күйінде Nissan Patrol көлігін басқарған. Ол Қостанай — Қарабұтақ тас жолымен Валериановка ауылының маңынан Лисаковск бағытында келе жатқан.

Оның әрекеттері ҚР ҚК 346-бабының 1-бөлігімен — көлік құралын басқару құқығынан айырылған адамның көлікті мас күйінде басқаруы — сараланды.

«Сот жүргізушіні кінәлі деп танып, оған ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеумен 1 жыл 9 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады», — деп хабарлады прокуратурада.

Сонымен қатар, сот ер адамды өмір бойы көлік құралдарын басқару құқығынан айырды.

Аудан прокуратурасында жүргізушілерді жол қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырып, рульдегі алкоголь басқа қозғалыс қатысушыларының өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін атап өтті.