Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Марат Әзілхановты Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) төрағасының орынбасары қызметінен босатты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
«Мемлекет басшысының өкімімен Әзілханов Марат Алмасұлы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі қызметінен босатылды», – делінген хабарламада.
Марат Әзілханов 1965 жылы 3 қаңтарда Қызылорда облысының Қазалы қаласында дүниеге келген.
1988 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтын, 2000 жылы ҰҚК Академиясын, ал 2019 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін бітірген.
Еңбек жолын Қызылорда қалалық ауруханасында дәрігер болып бастаған. 1992-2011 жылдары ҚР ҰҚК қызметінде болды. ҚР Дін істері агенттігі төрағасының орынбасары, кейін агенттікті басқарды. Мәдениет және спорт вице-министрі, сондай-ақ ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі болып жұмыс істеді. 2021 жылдан бастап Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі қызметін атқарған.
Бұған дейін «Курсив» Ерлан Қариннің Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалғанын жазған.
