Диего Марадонаның 1986 жылғы әлем чемпионатындағы «Құдай қолы» голымен аты шыққан доп аукционда 2,5 млн фунт стерлингке сатылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы BBC News басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Марадона Аргентинаның Англияға қарсы ширек финалдық матчында (2:1) қақпашы Питер Шилтонды допты жұдырықпен соғып, әйгілі голды соққан болатын. Ойыннан кейін ол журналистерге бұл голдың «Марадонаның басымен және Құдайдың қолымен» соғылғанын айтты.

Сол матчта Марадона кейін «ғасыр голы» деп аталған голды да соқты: ол Англияның бес ойыншысын айналып өтіп, Шилтонды қапы қалдырды.

Доп АҚШ-тағы Heritage Auctions сауда үйінде сенбіде 3,3 млн долларға (2,5 млн фунт) сатылғанымен, оның бағасы 10 млн долларға (7,3 млн фунт) жетеді деп күтілген еді.

Аукцион алдында Reuters агенттігіне сөйлеген Heritage компаниясының мамандандырылған аукционшысы Майк Провензале: «Бұл нағыз бірегей зат. Әлемдегі ең маңызды футбол заттарының бірі», - деді.

1986 жылғы матчтың төрешісі тунистік Әли Бин Нассер Adidas Azteca добын ойын соңында жинап алып, оны 30 жылдан астам уақыт сақтады. 2023 жылы ол бұл доптың матчта жалғыз қолданылған доп екенін растайтын хатқа қол қойды, бұл әрі қарай тәуелсіз сараптамамен де расталды.

Бин Нассер допты 2022 жылы 2,37 млн долларға (1,74 млн фунт) сатқан болатын. Жаңа иесі оны 2023 жылы қайта аукционға қойғанымен, ұсыныстар белгіленген ең төменгі бағаға жетпегендіктен сатылмады.

Марадонаның сол матчта киген жейдесі 2022 жылы аукционда 7,1 млн фунтқа сатылған еді.