Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Манғыстау облысындағы оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына жеке көңіл айту жеделхаттарын жолдады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ол марқұмдардың туыстарына қажетті көмектің барлығы көрсетілетініне, ал трагедияға кінәлілер ең қатаң жазаға тартылатынына уәде берді.

Жеделхаттарды Манғыстау және Түркістан облыстарының басшылары, Бас мүфти Наурызбай Тағанұлы және қоғам өкілдері оқып, табыс етті.

«Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеделхатында әскери қызметшілердің мемлекеттік наградаларға ұсынылатыны жеке атап өтілген», — делінген хабарламада.

24 қыркүйекте Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде 17 әскери қызметші ашық теңізге ағызылып кетті. Үшеуі құтқарылды, 14-і қаза тапты. 25 қыркүйек таңында соңғы екі хабар-ошарсыз кеткен — сержант Мансұр Гумаров пен матрос Мирас Тұрдыбекұлының денелері табылды. Осыдан кейін іздестіру операциясы аяқталды.

25 қыркүйек жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.

Бұған дейін «Курсив» теңізшілердің қаза болуына қатысты іс бойынша Қазақстан Қорғаныс министрлігінің бес офицері ұсталғанын жазған болатын. Немқұрайлылық және кеме жүргізу ережелерін бұзу баптары бойынша қозғалған қылмыстық іс Бас прокуратураның ерекше бақылауында. Төтенше жағдайдың себептерін анықтау үшін Премьер-министр орынбасары Қанат Бозымбаев басқаратын үкіметтік комиссия құрылды. Вице-премьер Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан теңізшілердің отбасылары өздеріне тиесілі барлық төлемдерді кідіріссіз алатынына уәде берді.