Маңғыстаудың жартасты мешіттері ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бүгін Корея Республикасының Пусан қаласында өтіп жатқан Дүниежүзілік мұралар комитетінің 48-ші сессиясында осындай оң шешім қабылданды. Маңғыстау облысындағы жерасты мешіттерге Бекет ата, Шопан ата, Қараман ата, Шақпақ ата мен Сұлтан Үпі мешіті кіреді.
Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин бұл шешімді Қазақстан тарихындағы айтулы оқиға деп атады. Оның айтуынша, төл мәдени мұра ЮНЕСКО-ның беделді тізіміне соңғы рет 22 жыл бұрын, яғни 2004 жылы қосылған болатын (2003 жылы – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, 2004 жылы – Таңбалы петроглифтері). Кейінгі жылдары ғана президенттің бастамасымен бұл бағыттағы жұмыс қайта жанданып, жаңа деңгейге көтерілді.
Қариннің айтуынша, Маңғыстаудың жартасты мешіттері тек құлшылық жасайтын мекен ғана емес, өз заманында білім мен ағартудың өзіндік орталықтары да болды. Бұл жартастарда халқымыздың тарихи жады, ата-бабаларымыздың аманаты сақталған. Осылайша, ЮНЕСКО аталған нысандарды көпғасырлық рухани, мәдени, архитектуралық дәстүрлердің озық үлгісі ретінде мойындады.
Алдағы уақытта таза ағаштан салынған Жаркент мешіті мен Алматыдағы Вознесенск кафедралды шіркеуін, Қаратау петроглифтерін, сондай-ақ, хәкім Абайдың «Қара сөздерін» ЮНЕСКО тізімдеріне енгізу жоспарланып отыр.
