Маңғыстау облысының Бейнеу ауылында көлік жүргізу құқығынан жеті жылға айырылған 31 жастағы ер адам полициядан қашуға тырысты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға 7 қазанда ауылды патрульдеу кезінде болған. Тәртіп сақшылары ВАЗ-2107 автокөлігін тоқтатып, тексеру барысында жүргізушінің сот шешімімен көлік басқару құқығынан айырылғанына қарамастан, қайтадан рөлге отырғанын анықтаған.

Жарияланған видеода жүргізушінің полицейлерден қашуға тырысқаны, сондай-ақ оның кейін ұсталған сәті көрсетілген. Алайда көлікті тоқтатқанға дейін болған жағдайдың егжей-тегжейі нақтыланбады.

Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 346-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір оған қатысты бұлтартпау шарасын таңдау мәселесі қарастырылып жатыр.