Маңғыстау облысында із-түзсіз жоғалған үш адам аман-есен табылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Үшеуі Бекет ата жерасты мешітіне барамыз деп, хабар-ошарсыз жоғалып кеткен. Олардың көлігі Қыдырша ата аумағынан шамамен 35 шақырым қашықтықта жетуге қиын жерде анықталды. Алдын ала мәлімет бойынша көлік батпаққа батып қалған.
Іздестіру кезінде жоғалған азаматтарды Бейнеу аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Нұржігіт Базарбаев пен Бауыржан Нұрмұханбетов бірінші болып анықтады. "Қазіргі уақытта азаматтар медициналық тексеруден өткізу үшін Ақжігіт ауылына жеткізілді. Олардың денсаулық жағдайын дәрігерлер тексереді", - дейді тәртіп сақшылары.
Маңғыстау облыстық полиция іздестіру жұмыстарына қатысқан барлық адамға алғыс білдіріп отыр. Еске сала кетері, Бекет ата мешітіне жолға шыққан үш адам байланысқа шықпай жоғалып кеткен болатын. Іздеу жұмыстарына құтқарушылар, полиция, авиация және арнайы техника жұмылдырылған.
