Маңғыстау облысында шомылу маусымының қызған шағында профилактикалық жұмыстарға заманауи технология тартылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Polisia.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Талдау көрсеткендей, шомылу маусымы кезіндегі қайғылы оқиғалардың басым бөлігі арнайы жабдықталмаған және шомылуға тыйым салынған орындарда болады.
Биыл полиция қызметкерлерімен бірге жағалау аумағын робот-ит патрульдеп жүр. Ол камералар мен дауыс зорайтқыш жүйесінің көмегімен шомылуға тыйым салынған орындарда жүрген азаматтарды анықтап, қауіпсіздік талаптарын сақтау жөнінде ескертеді.
Судағы қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін 90 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полиция азаматтарды тек арнайы рұқсат етілген жағажайларда демалуға, белгіленген қауіпсіздік шекарасынан аспауға, мас күйінде суға түспеуге және балаларды үнемі бақылауда ұстауға шақырды.
