Ақтау тұрғыны Ақмарал Қалжанова баласын тіс дәрігеріне жай ғана тексертуге апарып, үлкен мәселеге тап болғанын айтты. Оның сөзінше, мамандардың салғырттығынан баласының жақ сүйегі зақымданған. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға туралы науқас баланың анасы Sputnik Қазақстанға айтып берді. Биыл ақпан айында тісін тексертуге ғана барған жеткіншек жақ сүйегінен айырылуы мүмкін. Осылай деп дабыл қаққан анасы әділдік іздеп отыр.

Анасы Жанадәлдің тісін емдетіп, Нұраділді де көрсетіп алмақ болған. "Нұраділдің тісіне құрт түскен деді. Мен оны жай ғана тексертіп алғым келген. Стоматолог дәрігер тісін қарап, жансыздандыратын ине салдырып, емдеді. Баланы шығарған кезде екі апта бойы емделеді деді, бірақ пломба салған жоқ. Екі аптадан кейін келіңіздер деп айтты", – дейді Ақмарал Қалжанова.

Баланы басқа дәрігер қабылдаған

Анасының айтуынша, Нұраділдің құрт жеген тісі негізгі тіс болғандықтан, оны сақтап қалу үшін емдеу керек болған. Арада екі апта өткен соң баласын қайта алып барған. "Бізді басқа дәрігер Махаббат Мырзағұлова қабылдады. Бірақ екі апта бұрын баламның ем алғаны еш жерде тіркелмегенін айтты. Базада да, тіркеу журналында да еш ақпарат болмаған. Біраз уақыттан кейін шығып, "мен балаға күшәлә пастасын қойдым. Үш күннен кейін келіп, пастаны аламыз, содан кейін екі күннен соң тісін емдейміз" деді", – деп атап өтті анасы.

Балаға күшәла пастасы екі рет қойылған

Ақмарал дәрігердің айтқанын орындап, баласын ертіп үш күннен кейін қайта барған. "Кабинетке кіріп, не болып жатқанын сұрадым. Дәрігер маған "тұзбен шаю керек еді" деді. Біраз уақыттан соң шығып, "баланың тісіне күшәла пастасын тағы қойдым" деді. Неге екенін сұрағанымда, "үш күн тұрады, кейін аламыз, одан соң екі күннен кейін емдейміз" деді. Балам сол кезде тісі ауырып, мазасызданып жүрді", – дейді Ақмарал.

"Ісік басылмайынша емдемейміз"

Дәрігер белгілеген күнге дейін баланың жағы ісіп, қызарып кеткен. Осы аралықта анасына тек тұзды сумен шаю керектігі айтылған. Екінші рет қойылған күшәла пастасын алуға барған кезде дәрігер "ісік басылмайынша емдемейміз, тұзды сумен шайыңыздар" деген. Баланың жақ сүйегіне рентген де жасалмаған.

Баланың жағдайы күрт нашарлаған

"Балам бір жарым ай қиналды. Емдейміз деген тісі өздігінен түсіп қалды. Жеке клиникаларға да бардым, бірақ олар бір-біріне сілтеп, қабылдамады", – дейді анасы. Кейін балаға 3D түсірілім жасалған. Нәтижесінде дәрігерлер жақ сүйегінің асқынғанын айтып, баланы Астана немесе Алматыға жеткізу қажеттігін жеткізген.

"Жағы кез келген уақытта сынып кетуі мүмкін"

"Егер баланы емдей алмаса, неге қолға алды? Қазір балам бұрынғыдай ойнай алмайды, спортпен айналыса алмайды. Кез келген уақытта сынып, опырылып кетуі мүмкін", – дейді анасы. Астана қаласындағы дәрігерлер балаға шұғыл ота жасап, жағдайын тұрақтандырған. "Дәрігер Юсуф Ахметұлы Гусиновқа алғысым шексіз. Мамыр айынан бері баламды күнделікті бақылауда ұстап келеді. Астанада операция кезінде жақ сүйегінің зақымдануына байланысты бірнеше тісін жұлуға тура келді", – дейді Ақмарал.

Дәрігерлерге қатысты тексеру жүргізілген

Отбасы инфекцияның әрі қарай таралмауы үшін күресіп жатыр. Sputnik Қазақстан тілшісі оқиғаға қатысты облыстық аурухананың бас дәрігері Ғалымжан Бақытжановтан түсініктеме алды. Оның айтуынша, бастапқы кезеңде емдеу дұрыс жүргізілген, алайда кейін бала дәрігер қабылдауына келмеген көрінеді. "Емдеуші дәрігерлер тарапынан әрі қарай емдеу тағайындалған, бірақ науқас қайта келмеген. 14 мамырда бала қабылдауда болды. Ол тісінің сәуір айында түскенін айтқан. Бала Астана қаласындағы Ұлттық ғылыми медицина орталығына шұғыл жіберілді."