Маңғыстау облысында теңізде жел алып кеткен екі жасөспірімді құтқарған Қызылөзен ауылының үш тұрғыны марапатталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Облыстық әкімдіктің мәліметінше, құтқарушыларға облыстық полиция департаменті бастығының грамотасы мен аудан әкімінің алғысы табысталды.
Түпқараған ауданы әкімдігінің хабарлауынша, оқиға 27 тамыз күні таңертең болған. Теңізге сапбордпен шыққан екі жасөспірімді қатты жел алып кеткен. Жағдайды естіген ауыл азаматтары уақыт жоғалтпай іздестіру жұмыстарына кіріскен.
Нәтижесінде жасөспірімдер Қызылөзен ауылы тұсынан Форт-Шевченко бағытына қарай шамамен 3 шақырым, жағадан теңізге қарай 1,5-2 шақырым қашықтықтан табылып, аман-есен жағаға шығарылды.
