Маңғыстау облысында көп бейінді облыстық аурухананың бас есепшісі 32 млн теңге бюджет қаражатын жымқырғаны үшін сот үкімі шықты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, сот үкімімен Маңғыстау көп бейінді облыстық ауруханасының бас есепшісі бюджет қаражатын жымқырғаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар ол 5 жыл мерзімге бухгалтерлік қызметпен айналысу құқығынан айырылды.
Бас есепшіге тағылған айып — аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу.
Прокуратураның хабарлауынша, бас есепші танысымен алдын ала сөз байласып, бюджет қаражатын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың шоттарына аударып, кейін оларды қолма-қол ақшаға айналдырған.
Сотталушылардың кінәсі толық дәлелденді. Бас есепшінің сыбайласына 7 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енді.
