Маңғыстау облысында теңіз шекарасын бұзған Иранның үш азаматы сотталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Облыстық прокуратураның ресми сайтына сілтеме жасаған Sputnik Қазақстанның мәліметінше, биыл шілде айында ирандықтар балық аулау кезінде Каспий теңізі арқылы Қазақстанның шекарасын заңсыз кесіп өткен.

Оларды шекарашылар ұстап алған. Одан кейін Қылмыстық кодекстің 392-бабы, 1-1-бөлігі (адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша мемлекеттік шекараны өткізу пункттерінен тыс жерде қасақана заңсыз кесіп өту) бойынша іс қозғалған болатын.

"Қарақия аудандық сотының үкімімен Иран Ислам Республикасының үш азаматы кінәлі деп танылып, оларға Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге шығарып жібере отырып, бір жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды", — делінген ресми хабарламада.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.