Маңғыстау облысында Бекет-Ата жер асты мешітіне сапар шеккен үш азаматтың жоғалғаны хабарланған еді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Polisia.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Полиция қызметкерлері жоғалғандарды Қыдырша ата жерінен шамамен 35 шақырым қашықтықтағы қиын жерден тапты. Алдын ала мәліметтер бойынша, көлік батпақты жерге тұрып қалған, сондықтан адамдар өз бетімен жолды жалғастыра алмай, байланысқа шыға алмаған.

Жоғалғандарды алғаш рет Бейнеу аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері – учаскелік полиция инспекторы Нұржігіт Базарбаев және Бейнеу аудандық полиция бөлімінің әкімшілік полиция бөлімінің аға инспекторы Бауыржан Нұрмұханбетов тапты.

Қазір табылған азаматтарды Ақжигіт ауылына жеткізуде. Онда олар денсаулық жағдайын бағалау үшін медициналық тексеруден өтеді.

Маңғыстау облысы полиция департаменті іздеу операциясына қатысқан барлық қызметтерге алғыс білдірді. Полиция мәліметінше, іздеу жұмыстарына полиция қызметкерлері, ТЖД бөлімшелері, «Охотзоопром» инспекторлары, авиация және еріктілер жұмылдырылған.

Бұған дейін «Курсив» Маңғыстау облысында үш қазақстандықтың Great Wall көлігімен Бекет-Ата мешітіне кетіп, байланысқа шықпай қалғанын хабарлаған болатын. Жоғалғандардың арасында 34 жастағы Қанатбек Жұбатқанов, 31 жастағы Ақмарал Бисенова және 20 жастағы Мархабат Бисенова болған. Олар соңғы рет 2 шілде күні түсте киелі жерден бейнежазба жіберіп, байланысқа шыққан.