Маңғыстау облысында төрт адам балықтан уланып, жасанды тыныс алу аппаратымен тыныс алып жатыр. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас эпидемиологы Марал Қадыр ботулизм белгілерімен үш ересек пен бір бала ауруханаға жатқызылғанын мәлімдеді.
Мұнайлы ауданының үш ересек тұрғыны облыстық көпсалалы ауруханаға жатқызылған. Науқастың бірі – 9 жас 10 айлық бала. Ол облыстық көпсалалы балалар ауруханасының инфекциялық бөлімшесіне түскен.
«Науқастар балықтан уланған деген күдік бар. Балық ұзақ уақыт тоңазытқышта сақталған. Оны 17 қыркүйекте сағат 20.00-ден 21.00-ге дейін отбасылық іс-шара кезінде тұтынған. Аурудың алғашқы белгілері 18 қыркүйек күні кешке пайда болды. Науқастар медициналық көмекке 19 қыркүйекте жүгінген», – дейді эпидемиолог.
Науқастардың жүрегі айнып, құсумен болған. Әлсіздік, бас айналу, көру қабілеті, сондай-ақ сана-сезімдері бұзылған.
«Барлық науқас жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Оларға детоксикация және симптоматикалық терапия жүргізіледі. Сондай-ақ пациенттерге арнайы ботулинге қарсы сарысу енгізілді», – дейді Марал Қадыр.
Айта кетейік, бұған дейін Ақмола облысында сауықтыру лагерінде балалар уланып қалғаны хабарланған болатын.
