Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеп-тексеру жөніндегі үкіметтік комиссия құрылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Премьер-министрдің өкімімен Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығулар өткізу барысында әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеп-тексеру бойынша үкіметтік комиссия құрылды.
"Комиссия құрамына қорғаныс министрі, Маңғыстау облысының әкімі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау, Көлік министрліктерінің басшылығы, Бас әскери прокурор, сондай-ақ шекара қызметінің өкілдері кірді", - деп хабарлады Үкімет.
Премьер-министр Олжас Бектенов Комиссия төрағасы Қанат Бозымбаевқа оқиға орнына шұғыл барып, әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеп-тексеруді қамтамасыз ету және қаза тапқандардың отбасыларына қажетті көмек көрсету шараларын қабылдауды тапсырды.
Еске сала кетейік, Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде төтенше жағдай болып, 9 адам көз жұмды.
Алдын ала мәлімет бойынша 24 қыркүйек күні ауа райының күрт нашарлауы және желдің күшеюі салдарынан Каспий теңізіндегі 19 әскери қызметшіні толқын алып кеткен.
Қазіргі уақытта оның 9-ы көз жұмғаны анықталды.
Үш әскери қызметші құтқарылды, олардың біреуі ауруханаға жатқызылды.
Қалғандарын іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
