Маңғыстау облысы «Құрық» кеден бекетінде мемлекеттік шекара арқылы зергерлік бұйымдарды заңсыз өткізу әрекетінің алды алынды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға «Зарифа Алиева» теңіз кемесіне кіруге рұқсат беру кезінде болған. Кеденшілердің назары шекарадан жаяу өтіп бара жатқан 62 жастағы Қазақстан азаматшасына түскен. Ол паспорттық бақылаудан өткеннен кейін қобалжып, баяу қозғалып, үнемі ішінің төменгі жағын қолымен ұстап күмән тудырған.
Күдік тудырған әйелге кеденшілер, шекара қызметі, экономикалық тергеу департаменті және көлік прокуратурасы бірлесіп тексеру жүргізген. Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, әйелдің жыныс мүшесінен 34 зергерлік бұйым тәркіленді: 15 жиынтық (сырғалар мен сақиналар), 7 сақина, 3 сырға, 1 шынжыр, 2 білезік, 1 ақ білезік, 5 сары (дөңгелек) білезік.
Қазақстан заңнамасына сәйкес іс жүргізу әрекеттері жүргізілуде. Ведомство адамның денесіндегі тауарды жасыру шекарадан заңсыз жүк тасымалдаудың ең қауіпті әдістерінің бірі екенін атап өтті. Мұндай әрекеттер кеден заңнамасын бұзып қана қоймайды, сонымен қатар құқық бұзушының денсаулығына үлкен қауіп төндіруі мүмкін. Ведомство бақылау-өткізу бекеттерінде бақылау күшейтілгенін, ал тауарларды заңсыз әкелу әрекеттерін анықтау және алдын алу жұмыстары жалғасатынын атап өтті.
