Маңғыстау облысында ұйымдасқан қылмыстық топ мұнай өнімдерін Қазақстаннан тыс жерлерге заңсыз экспорттаумен айналысқан. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің хабарлауынша, тергеу мәліметінде қылмыстық схеманы Маңғыстау облысының кәсіпкері ұйымдастырған. Ол жер қойнауын пайдаланушы компаниялармен шикі мұнай сатып алу туралы келісімшарттар жасасқан.
Кейін мұнай «Standart Petroleum» және «Mangystau Oil Refining» шағын мұнай өңдеу зауыттарында өңделіп, өнімге жалған сапа паспорттары рәсімделген. Одан әрі өнім пеш отыны ретінде көрсетіліп, Ақтау теңіз порты арқылы танкерлермен шетелге шығарылған. 2019-2023 жылдар аралығында тек «Batys Nefte Trade» ЖШС арқылы шетелге 160 мың тоннадан астам мұнай өнімі заңсыз экспортталған. Операциялардың жалпы көлемі шамамен 45 млрд теңгеге бағаланған.
Комитеттің мәліметінше, биыл жүргізілген тергеу әрекеттері аясында қылмыстық іске қатысы бар тұлғалардың активтері, шағын мұнай өңдеу зауыттары, танкер және өзге де мүлік тәркіленген. Сонымен қатар заңсыз алынған кірістер мен төленбеген салықтар бойынша мемлекет кірісіне 2 млрд теңгеден астам қаражат өндірілген.
Бұған дейін Ақтау қалалық сотының үкімімен ұйымдасқан қылмыстық топтың бес мүшесі, оның ішінде шағын мұнай өңдеу зауыттары мен трейдерлік компанияның басшылары Қылмыстық кодекстің 234-бабы 3-бөлігі және 262-бабы 2-бөлігі бойынша сегіз жылға бас бостандығынан айырылған. Ал қылмыстық схеманы ұйымдастырушы халықаралық іздеуге жарияланған.
