Мемлекет басшысына Қорғаныс министрлігін тексеру жөніндегі комиссия жұмысының алғашқы нәтижелері туралы есеп берілді. Комиссия төрағасы Аида Балаева тексерістің негізгі бағыттары жөніндегі қорытындыны баяндады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Алдын ала тергеу нәтижесі әскери іс-шараларды жоспарлау кезінде өрескел қателіктер жіберілгенін және бұған дейінгі басшылық тарапынан тиісті қадағалау болмағанын көрсетті. Мемлекет басшысы алғашқы кадрлық шешімдер қабылданғанын, алайда әскери қызметшілердің қазасына кінәлі лауазымды тұлғалардың барлығы заңға сәйкес жауапкершілікке тартылуға тиіс екенін мәлімдеді.
Аталған мәселе Президенттің жеке бақылауында болады. «Тексерістің бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша қылмыстық қудалау органдары мемлекет мүлкін талан-таражға салу, қызметін асыра пайдалану фактілеріне, сондай-ақ Қорғаныс министрлігіне қарасты ұйымдар мен құрылымдық бөлімшелер қызметіндегі басқа да заң бұзушылықтарға қатысты 13 қылмыстық іс қозғады», - деп жазылған хабарламада.
Маңғыстау облысындағы трагедияның жай-жапсарын зерттеу барысында оқу-жаттығу жиындарын дайындау және жоспарлау кезінде тәуекелдерді бағалау, десант түсіруді ұйымдастыру және әскерилердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты елеулі кемшіліктерге жол берілгені анықталды. Қолбасшылық құрамның қылмысқа парапар салғырттығы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Тергеу аяқталған соң олардың әрекетіне түбегейлі құқықтық баға беріледі. «Сонымен қатар әскери тәртіп пен алдын алу жұмыстарында біршама кемшілік бары анықталды. Әскерилерге әлімжеттік жасау, жарғыға қайшы әрекет ету фактілері әшкереленіп, қылмыстық істер қозғалды», - дейді комиссия өкілдері.
Қасым-Жомарт Тоқаев Комиссияға Қорғаныс министрлігінің жаңа басшылығымен бірлесіп, анықталған кемшіліктерді жою жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Бұған дейін Маңғыстау облысы әкімдігінде кадрлық ауыс-түйіс болғаны хабарланған.
