Ақтау теңіз портына кіреберістегі теміржол өткелінде жүк көлігі тепловозбен соқтығысты, деп хабарлайды «Қазақстан темір жолы». Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға 2 қарашада сағат 16:55-те күзетілмейтін және реттелмейтін теміржол өткелінде болған.

«Алдын ала мәлімет бойынша, «МАЗ» жүк көлігінің жүргізушісі шамамен 5 км/сағ жылдамдықпен қозғалып келе жатқан тепловозға жол бермеген», — деп жазылған хабарламада.

Салдарынан тепловозға елеулі техникалық зақым келді.

Оқиға туралы Маңғыстау станциясындағы желілік полиция бөліміне хабарланған.

Алдын ала болжам бойынша жол апатына жүргізушінің жол қозғалысы ережелерін бұзуы себеп болған.