Маңғыстау облысында қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына қаржылай көмек теңдей бөлінді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл туралы Маңғыстау облысы қоғамдық кеңесінің төрағасы Бекмұрат Жүсіпов мәлімдеді. Ол Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқандардың отбасыларына және зардап шеккен әскери қызметшілерге қажетті барлық көмек пен қолдау көрсетіліп жатқанын айтты.

«Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша қорға түскен барлық қаражат Комиссия қабылдаған шешімдерге сәйкес және заңнамада белгіленген тәртіппен қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына әділ әрі теңдей бөлінді. Сонымен қатар, орын алған оқиғадан аман қалған әскери қызметшілерге де жеке төлемдер қарастырылды. Оларға көрсетілген материалдық көмектің мөлшері Комиссия шешімдеріне сәйкес белгіленді», — деді Жүсіпов.

Белгілі болғандай, әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарының өтінішін ескере отырып, сондай-ақ олардың қауіпсіздігі мен жеке мәліметтерінің құпиялылығын сақтау мақсатында төлемдердің нақты сомасы мен қаражат алушылардың дербес деректері жария етілмейді.

Еске салайық, Маңғыстаудағы трагедиядан кейін еліміздің ірі кәсіпорындары, кәсіпкерлері мен меценаттарынан түскен қаржыны жинақтау үшін арнайы «Ұлттық рух» қоры белгіленді. Түскен қаражаттың әділ әрі мақсатты бөлінуін қамтамасыз ету үшін арнайы Комиссия құрылды.

Оның құрамына құқық қорғау органдары мен қоғам өкілдері, Құрылтай депутаттары, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, қоғамдық кеңестер мен мәслихаттардың өкілдері кірді.