Маңғыстау облысында жол ережесін өрескел бұзған блогер жауапқа тартылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Блогер қыздың әрекеті бейнеленген видео әлеуметтік желіде тарады. Онда бойжеткеннің көліктің терезесінен беліне дейін шығып алғанын көруге болады.

БАҚ-та заңды бұзған қыздың 2,3 млн оқырманы бар танымал TikTok-блогер екені айтылып жатыр. Полиция қызметкерлері жолаушы тасымалдап келе жатып, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғандарды анықтады.

Жүргізушілердің кім екені анықталды. Олар жолаушыларды тасымалдау кезінде жол қозғалысы ережелерінің талаптарын сақтамаған. Қозғалыс пен маневр жасау алдында сигнал беру туралы талапты орындамаған. Сондай-ақ көлік құралдарының қозғалысына кедергілер жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - дейді Маңғыстау облысының полиция департаменті. Көлік құралдары арнайы айып тұрағына қойылды.