Маңғыстау облысында Президент әкімшілігінің келісімі бойынша өңір әкімінің бірінші орынбасары, орынбасары және Жаңаөзен қаласының әкімі тағайындалды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ербол Ізбергенов — облыс әкімінің бірінші орынбасары

Ербол Ізбергенов Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды. Ол 1973 жылы Маңғыстау облысы Қарақия ауданының Құрық ауылында дүниеге келген.

Еңбек жолын 1991 жылы «Маңғыстаумұнайгазбарлау» кешенді экспедициясы құрылыс-монтаж учаскесінің тас қалаушысы қызметінен бастаған. Әр жылдары өңірлік деңгейдегі құрылыс мекемелерінде, Ақтау қаласы әкімдігінде еңбек етіп, Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары, облыстық құрылыс басқармасының басшысы қызметтерін атқарды.

Сондай-ақ ҚР Инвестициялар және даму министрлігінде және ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінде басқарма басшысы болып еңбек еткен. 2019–2020 жылдары «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймақ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, кейін «Атамекен» республикалық кәсіпкерлік палатасының директоры болды.

2020–2023 жылдары Ақтау қаласы әкімінің орынбасары және Ақтау қаласының әкімі лауазымдарын атқарды. 2024–2025 жылдар аралығында Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары лауазымын атқарды. 2025 жылғы 2 қыркүйектен бастап осы уақытқа дейін Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келді.

Бекбол Орынбасаров — облыс әкімінің орынбасары

Бекбол Орынбасаров Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Ол 1971 жылы Маңғыстау облысы Түпқараған ауданында дүниеге келген.

Еңбек жолын 1993 жылы Маңғыстау облыстық Кеден басқармасының «Баутино» кеден бекетінде инспектор қызметінен бастаған. Әр жылдары банк саласында, Ақтау қаласы әкімдігінде және Маңғыстау облысының мемлекеттік органдарында қызмет атқарды.

Ақтау қаласы әкімінің көмекшісі, Ақтау қаласы әкімі аппаратының басшысы, Ақтау қалалық тұрғын үй шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы, Ақтау қаласы әкімінің орынбасары лауазымдарында жұмыс істеді.

2010–2019 жылдары «Отырар Энерджи» ЖШС және «Адай» ЖШС бас директоры қызметтерін атқарды. 2020–2021 жылдары «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы» АҚ басқарма төрағасы болды. 2021–2023 жылдары Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары, кейін бірінші орынбасары қызметтерін атқарды. 2023–2026 жылдары Парламент Сенатының жетінші және сегізінші шақырылымдарының депутаты болды.

Сымбат Төретаев — Жаңаөзен қаласының әкімі

Сымбат Төретаев Жаңаөзен қаласының әкімі болып тағайындалды. Ол 1978 жылы Маңғыстау облысы Ералиев ауданының Жетібай ауылында дүниеге келген.

Еңбек жолын 2000 жылы Маңғыстау облыстық ішкі істер басқармасының ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасында жедел уәкіл қызметінен бастаған. Кейін аға жедел уәкіл, аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкіл лауазымдарында жұмыс істеді.

2006–2010 жылдары «Нұр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры қызметін атқарды. 2010–2014 жылдары Қарақия ауданы Мұнайшы ауылының әкімі болды. 2015–2017 жылдары Маңғыстау облысы әкімі аппаратының құқық қорғау органдарымен жұмыс, терроризмге қарсы іс-қимыл, жұмылдыру дайындығы және азаматтық қорғаныс бөлімінің басшысы қызметін атқарды.

2017–2019 жылдары Маңғыстау облысы әкімі аппаратының терроризмге қарсы іс-қимыл бөлімінің басшысы болды. 2019–2023 жылдары Қарақия ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. 2023 жылғы мамырдан бастап осы уақытқа дейін Қарақия ауданының әкімі қызметін атқарып келді.