Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығын қолдау жүйесін қатаң сынға алып, соңғы үш жылда малға екпе салынды деген 30 мыңнан астам жалған құжаттың тіркелгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqyia ақпарат агенттігі.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент саладағы мемлекеттік қолдаудың тиімсіздігін, әсіресе субсидиялаудағы көлеңкелі тұстарды жою қажеттігін атап өтті. Оның пікірінше, субсидиялау жүйесін толық цифрландырып, ашықтықты қамтамасыз ету керек.

Осыған байланысты Тоқаев шаруаларды жаңа үлгідегі кооперативтерге біріктіруді ұсынды. Бұл бағытта батыл шешімдер қабылдау үшін 1 қыркүйекке дейін ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы жаңа заң жобасын әзірлеуді тапсырды.

Президент мал шаруашылығын дамытудың негізгі шарты саналатын ветеринария саласының артта қалғанына ерекше тоқталды.

««Ең сорақысы – соңғы үш жылда малға екпе салынды деген 30 мыңнан астам жалған құжат рәсімделген. Еліміздегі 170 зертхананың тек 30-ы ғана халықаралық стандартқа сай келеді», – деді Мемлекет басшысы.»

Осыған орай, Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министр Олжас Бектеновке салада тәртіп орнатып, үш ай ішінде ветеринарияны дамытудың кешенді бағдарламасын әзірлеуді қатаң тапсырды.

Фото: Әлеуметтік желіден