Денсаулық сақтау министрлігі маймыл шешегіне қатысты эпидемиологиялық жағдайды бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Таралу қаупі төмен
Бүгінде кейбір елдерде маймыл шешегін жұқтыру жағдайлары тіркеле бастады. Ведомствоның ресми хабарламасында атап өтілгендей, әлемнің жекелеген елдерінде ауру жағдайларының тіркелуіне және халықаралық көлік қатынасының белсенділігін ескере отырып, инфекцияны Қазақстан аумағына тасымалдау ықтималдығы жоққа шығарылмайды. Сонымен қатар қоздырғыштың берілу ерекшеліктерін ескере отырып, ел халқы арасында маймыл шешегінің кеңінен таралу қаупі төмен деп бағаланады.
Дегенмен эпидемияға қарсы іс-шаралар кешені қолға алынып отыр. Олар:
- 01мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттеріндегі санитариялық-карантиндік бақылау күшейтілді;
- 02ауру жағдайлары тіркелген елдердегі эпидемиологиялық жағдайға және осы мемлекеттерден келген азаматтарға мониторинг жүргізіліп жатыр;
- 03барлық өткізу пункттері мен санитариялық-карантиндік пункттер дене температурасын жанаспай өлшейтін құралдармен жабдықталған;
- 04медициналық ұйымдар мен зертханалардың инфекцияны уақтылы анықтауға және диагностикалауға дайындығы қамтамасыз етілуде;
- 05аса қауіпті инфекцияға күдік туындаған жағдайда хабарлау және ведомствоаралық өзара іс-қимыл жасау алгоритмдері бекітіліп, қолданысқа енгізілген.
Қазіргі кезде көліктің барлық түрінде жүргізілген санитариялық-карантиндік бақылау нәтижелері бойынша аса қауіпті инфекциялармен ауырған немесе оларға күдік тудыратын адамдар анықталған жоқ.
Аурудың белгілері қандай
Маймыл шешегі – MPXV вирусы қоздыратын вирустық ауру. Инфекция көбінесе жұқтырған адаммен тығыз байланыс, соның ішінде терідегі бөртпелермен және биологиялық сұйықтықтармен жанасу кезінде беріледі. Сондай-ақ ластанған киім, төсек-орын жабдықтары мен басқа да заттар арқылы жұғады. Инфекция жұқтырған жануарлардан да таралуы мүмкін.
Аурудың негізгі белгілері:
- 01дене қызуы;
- 02бас ауруы;
- 03бұлшықеттердің ауыруы;
- 04лимфа түйіндерінің ұлғаюы;
- 05тері бөртпелері.
Алдын алу шаралары
Денсаулық сақтау министрлігі ауруды жұқтырмау үшін профилактикалық шараларды сақтау қажеттігін ескертеді:
- 01теріде себебі белгісіз бөртпелері немесе басқа да инфекциялық ауру белгілері бар адамдармен тығыз физикалық байланыстан аулақ болу;
- 02жеке бас гигиенасы қағидаларын сақтау;
- 03инфекцияға күдік тудыратын адамдардың жеке заттарын, киімдерін және төсек-орын жабдықтарын ортақ пайдаланбау;
- 04ауруға тән белгілер пайда болған жағдайда, әсіресе ауру жағдайлары тіркелген елдерге барғаннан кейін уақтылы медициналық көмекке жүгіну және медицина қызметкеріне сапарлар мен ықтимал байланыстар туралы хабарлау.
