Азық-түлік келісімшарт корпорациясы майлы дақылдарды қаржыландыру көлемін 2,6 есеге арттырды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, өткен аграрлық маусыммен салыстырғанда майлы дақылдарды қаржыландыру көлемі 2,6 есеге – 36 мың тоннадан 95 мың тоннаға дейін ұлғайған.
Жалпы күзгі егін жинау науқанынан кейін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер ұлттық астық операторының ресурстарына 479,8 мың тонна астық және майлы дақыл өнімдерін жеткізеді. Оның 337,3 мың тоннасы немесе шамамен 70%-ы бидай болады. Қалған көлемді маржасы жоғары дақылдар – майлы зығыр, арпа, күнбағыс, рапс және жүгері құрайды.
Ведомство мамандарының айтуынша, 2026 жылғы егіс науқаны барысында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер күнбағыс егілетін алқаптардың көлемін едәуір ұлғайтқан. Егер өткен аграрлық маусымда форвардтық келісімшарттар аясында 19,9 мың тонна күнбағыс тұқымын сатып алуға қаржы бөлінсе, биыл келісімшарт жасалған өнім көлемі екі есеге жуық артып, 37,8 мың тоннаға жеткен.
