«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшысы Қанат Шарлапаев алғаш рет қазақ тілінде сұхбат беріп, тілді үйренуіне не түрткі болғанын ашық айтты, деп хабарлайды Qazaqyia.KZ ақпарат агенттігі.
Ол Adal Adam YouTube арнасына сұхбат берді. Жүргізуші Шарлапаевтың бірнеше жыл бұрын министр болған кезде қазақша нашар сөйлейтінін, ал қазір тілі әлдеқайда жатық екенін атап өтті.
««Бұл сұхбаттың өзі – мен үшін үлкен сынақ. Алғаш рет қазақ тілінде сұхбат беріп отырмын. Әлі де жұмыс көп, тілді ары қарай дамыту керек. Шынымды айтсам, тіл үйрену үшін екі нәрсе керек: ұмтылыс және уақыт. Кезінде журналистер мені сынап, қазақ тілін білмейтінімді айтқан еді. Маған ұят болды да, үйрене бастадым. Репетитор керек, уақыт керек. Содан кейін қазақша сөйлесуге тырысу қажет», – деді Шарлапаев.»
—
2023 жылы Қанат Шарлапаев министр қызметінде жүргенде журналистерге қазақ тілін күн сайын дерлік оқып жүргенін айтқан. Ол тіл білмеуін қандас екенімен түсіндірген еді. Бұған дейін Шарлапаевтың Ресей және Ұлыбритания азаматтығы болған. Ол тумысынан берілген Ресей азаматтығынан кейін бас тартып, Қазақстан паспортын 2022 жылы алған.
