Мәжілісте табыстан төленетін салықтар мен әлеуметтік төлемдердің орнына бірыңғай төлем енгізу мәселесі көтерілді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Депутат Берік Бейсенғалиевтің айтуынша, бүгінде бухгалтер әрбір жұмысшы үшін 7-8 түрлі төлемдерді есептеп отырады. Осылайша, жалдамалы қызметкерлер көбейген сайын есепшінің жұмысы арта түседі. Ал кәсіпкерлер штатқа көп адам алуға асықпайды.

Депутат мысал ретінде Грузияны келтірді: "Мәселен, Грузия поскеңестік елдер арасында бірінші болып табысты реформаны іске асырды. Олар бірыңғай әлеуметтік салық пен жалақыдан аударылатын жарналарды толығымен алып тастады. Соның орнына 20 проценттік табыс салығын енгізген. Ол салықтан бөлек жұмыс беруші мен жұмысшының есебінен төленетін 2 проценттік зейнетақы аударымдары бар. Осының нәтижесінде бизнес жаппай көлеңкеден шықты", - дейді Бейсенғалиев.

Сол сияқты Эстония, Швеция мен Сингапур да бірыңғай төлемді енгізген, ары қарай барлық салық пен әлеуметтік төлемдер автоматты түрде таратылады. "Осылайша, дамыған мемлекеттер салық жүйесін қиындатпай, төлемдерді біріктіруге, әкімшілендіруді барынша жеңілдетуге басымдық беріп отыр. Біздіңше, қазіргі міндетті зейнетақы жарналары мен жеке табыс салығын сақтап, қалған төлемдер – әлеуметтік салық, әлеуметтік аударымдар, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аударымдары мен жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын біріктіру керек. Ал мемлекет бірыңғай төлеммен түскен ақшаны әлеуметтік сақтандыру қоры, медициналық сақтандыру қоры мен бірыңғай зейнетақы қоры арасында өзі таратып отырады", - деді депутат.

Бейсенғалиев үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, осы мәселені қарастыруды ұсынды.