Орталық сайлау комиссиясы мәслихат сайлауы кезінде кандидаттарға бюджеттен бөлінетін қаржының көлемін жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Комиссия қаулысына сәйкес, Астана, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалар мәслихаттарының депутаттығына кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын шығыстары қарастырылған.

Олар: - бағдарламаны теледидар, радио арқылы баяндауға және мерзімді баспасөз немесе желілік басылымдарында екі мақала жариялауға – 410 000 теңге; - сайлау алдындағы жария іс-шараларды өткізуге және үгіт материалдарын шығаруға – 180 000 теңге; - көліктік шығыстары – 110 000 теңге.

Қалалар мәслихаттарының депутаттығына кандидаттың шығыстарына бөлінетін қаржы: - бағдарламаны теледидар, радио арқылы баяндауға және мерзімді баспасөз немесе желілік басылымдарында екі мақала жариялауға – 400 000 теңге; - сайлау алдындағы жария іс-шараларын өткізуге және кандидаттардың үгіт материалдарын шығаруға – 170 000 теңге; - көліктік шығыстарға – 80 000 (сексен мың) теңге.

Аудандар мәслихаттарының депутаттығына кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын шығыстары: - бағдарламаны теледидар, радио арқылы баяндауға және мерзімді баспасөз немесе желілік басылымдарында екі мақала жариялауға – 290 000 теңге; - сайлау алдындағы жария іс-шараларын өткізуге және кандидаттардың үгіт материалдарын шығаруға – 130 000 теңге; - көліктік шығыстарға – 80 000 теңге.

Айта кетері, мәслихатқа депутаттарды сайлау биыл 29 қарашада өтеді.