Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) өз қаулысымен 2026 жылғы 29 қарашада өтетін кезектен тыс сайлауда аудандық мәслихат депутаттығына кандидаттардың республикалық бюджет қаражатынан өтелетін шығыстарын белгіледі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров және комиссия хатшысы Шавкат Өтемісов қол қойған қаулыда республикалық бюджет қаражатынан мәслихат депутаттығына кандидаттардың теледидар, радио арқылы сөйлеуі және мерзімді баспа немесе желілік басылымдарда екі мақала жариялауы, жария сайлауалды іс-шараларын өткізуі және үгіт материалдарын шығаруы, сондай-ақ көлік шығыстары өтелетіні көрсетілген.

Атап айтқанда, теледидар, радио арқылы бағдарламамен сөйлеуге және мерзімді баспа немесе желілік басылымдарда екі мақала жариялауға 290 мың теңге бөлінеді. Жария сайлауалды іс-шараларын өткізуге және үгіт материалдарын шығаруға 130 000 мың теңге, ал көлік шығыстарына 80 мың теңге қарастырылған.

Сонымен қатар, бюджеттен қалалардағы мәслихат депутаттығына кандидаттарға да қаражат бөлінеді. Теледидар, радио арқылы бағдарламамен сөйлеуге және мерзімді баспа немесе желілік басылымдарда екі мақала жариялауға 400 мың теңге бөлінеді. Жария сайлауалды іс-шараларын өткізуге және үгіт материалдарын шығаруға 170 000 мың теңге, ал көлік шығыстарына 80 мың теңге қарастырылған.

Бұдан басқа, бюджеттен астана мен республикалық маңызы бар қалалардағы (Алматы және Шымкент) мәслихат депутаттығына кандидаттарға қаражат бөлінеді. Оларға теледидар, радио арқылы бағдарламамен сөйлеуге және мерзімді баспа немесе желілік басылымдарда екі мақала жариялауға 410 мың теңге бөлінеді. Жария сайлауалды іс-шараларын өткізуге және үгіт материалдарын шығаруға 180 000 мың теңге, ал көлік шығыстарына 110 мың теңге қарастырылған.

Осылайша, бір мәслихат депутаттығына кандидаттың сайлауалды науқанына бюджеттен 500 мың теңгеден (аудандық мәслихат депутаттығына кандидатқа) 700 мың теңгеге дейін (астана, Алматы және Шымкент мәслихаттарының депутаттығына кандидатқа) бөлінеді. Бүгін қабылданған ОСК қаулылары астананың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың сайлау комиссияларына жіберіледі.

Астананың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың сайлау комиссияларына қаулыларды аумақтық және округтік сайлау комиссияларының, сондай-ақ бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша мәслихат депутаттығына тіркелген кандидаттардың назарына жеткізу тапсырылды.