Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалының 25 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Мерекелік іс-шара Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның концерт залында ұйымдастырылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Мерейтойға орай Қазақстан мен Ресейдің мемлекеттік органдарының өкілдері, жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтардың басшылары филиал ұжымына құттықтауларын жолдады.
25 жылда 3 мыңға жуық маман даярланды
Филиал 25 жыл ішінде 3 мыңға жуық жоғары білікті маман даярлады.
Қазақстанның ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек филиалда мамандар даярлау деңгейінің жоғары екенін атап өтіп, жаңа ғимаратқа көшкеннен кейін білім беру бағыттарын дамытуға және кеңейтуге мүмкіндік туатынына үміт білдірді.
"Филиал еліміздегі жоғары білім беру жүйесінің, ғылыми экожүйеміздің ажырамас бөлігіне айналды. Күнделікті тынымсыз еңбектеріңіз бен түлектерді даярлауға қосқан үлестеріңіз үшін оқытушыларға зор алғысымды білдіремін", – деді министр.
Халықаралық байланыстар және академиялық дәстүрлер
Мәскеу университетінің халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Юрий Мазей филиалдың 25 жылдық тарихында студенттер саны едәуір артқанын атап өтті. Оның айтуынша, филиал студенттері Мәскеу университетінің академиялық дәстүрлерін әлемге танытуға үлес қосып келеді.
Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалының директоры Александр Сидорович те іс-шара барысында сөз сөйледі.
