Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) қорынан заңсыз қаржы алудың ірі схемалары анықталды. Шамамен 140 мың азаматты медициналық ұйымдарға жалған тіркеу және көрсетілмеген медициналық қызметтер туралы жалған мәлімет енгізу арқылы қордан заңсыз қаражат алынған. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, осы деректер бойынша 36 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Алдын ала есеп бойынша мемлекетке келтірілген шығын 3,5 млрд теңгеден асады.

Түркістан облысындағы аурухана

Түркістан облысында Жетісай көпсалалы аудандық ауруханасының лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу мәліметіне сәйкес, МӘМС аясында бөлінген қаражат іс жүзінде ешқандай қызмет көрсетпеген әрі тауар жеткізбеген 20-дан астам жеке кәсіпкердің есепшоттарына аударылған.

«Кәсіпкерлер медициналық мекемемен ешқандай шарт жасаспаған. Ал олардың деректемелері ақшаны заңсыз шығарып, кейін қолма-қол ақшаға айналдыру үшін пайдаланылған», - деп жазылған хабарламада. Мемлекетке келтірілген шығын 501 млн теңгеден асты. Екі күдікті қамауға алынды.

Астанадағы жеке клиника

Астанада «Forte Clinic» ЖШС жеке клиникасының басшысы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан заңсыз қаржы алу схемасын ұйымдастырғаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал оның сыбайласы – Денсаулық сақтауды дамытудың ұлттық ғылыми орталығының қызметкері азаматтарды тіркеуге қатысты өтінімдерді заңсыз мақұлдағаны үшін 3 жылға сотталды.

«Қылмыстық схема нәтижесінде клиникаға 15 мыңнан астам азамат заңсыз тіркелген. Сонымен қатар «Damu Med» ақпараттық жүйесі арқылы 79 млн теңгенің жалған медициналық қызметі рәсімделген», - дейді агенттікте.

Алматы облысындағы стоматология

Алматы облысында «Mydental.kz» ЖШС мен «Стоматология Dr. Nurzhanova» ЖШС клиникаларының басшысы стоматологиялық қызмет көрсету кезінде алаяқтық жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Шын мәнінде пациенттерге ешқандай қызмет көрсетілмеген. Ал құжаттарды рәсімдеу үшін дәрігерлердің тіркелгі жазбалары мен кәмелетке толмаған пациенттердің жеке деректері пайдаланылған.

Нәтижесінде жалған медициналық қызмет көрсетудің 4,5 мыңнан астам дерегі анықталып, мемлекетке 66 млн теңге шығын келтірілген.