Минскіде ЕАЭО елдерінің үкімет басшыларын қабылдаған Беларусь президенті Александр Лукашенко Украинадағы жағдайға тоқталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Лукашенко Минскінің қақтығысты бағалауда өзіндік ерекшеліктері болғанымен, Беларусь әрдайым Ресеймен бірге болатынын және ешқашан сатқындық жасамайтынын мәлімдеді.

«Әрине, Украинадағы қақтығысқа қатысты менің өзіндік бағам бар. Иә, қақтығыстың жекелеген аспектілеріне қатысты өз пікірім бар. Бірақ біз әрдайым ортақ бағытты ұстанамыз. Егер Ресей басшылығы қандай да бір шешім қабылдаса, біз әрдайым сіздермен бірге боламыз. Онда не болып жатқанын түсінудегі кейбір ерекшеліктерімізге қарамастан, біз ешқашан сатқындық жасамадық», — деді Беларусь президенті.

Лукашенко Украинадағы қақтығыс тақырыбын Ресей президенті Владимир Путинмен жиі талқылайтынын атап өтті.

Еске сала кетейік, Минскіде Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысы өтіп жатыр. Оған Қазақстан, Ресей, Беларусь және Қырғызстан үкіметтерінің басшылары қатысуда. Армения премьер-министрі жиынға бейнеконференция арқылы қосылды.