Кондитерлік компания «Лотте Рахат» өз өнімдерін Парсы шығанағы мен Кавказ елдеріне жеткізуді жоспарлап отыр, деп хабарлады компания басқарма төрағасы Ахмед Ахроров. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

«Бүгінде «Лотте Рахат» өнімдері Ресейге, Орталық Азия елдеріне, Қытайға, Моңғолияға, Ауғанстанға, Германияға жеткізіледі. Біз сату географиясын кеңейтуді жалғастырамыз, сонымен қатар Парсы шығанағы мен Кавказ аймағы елдерін қоса алғанда, жаңа перспективалы нарықтарды зерттейміз», — делінген оның 2025 жылғы компания есебіндегі құттықтау сөзінде.

Оның айтуынша, компанияның 250-ден астам өнім атауы Halal стандарты бойынша сертификатталған, бұл «Лотте Рахаттың» халяль өнімдеріне сұранысы жоғары елдер нарығында экспорттық қатысуын одан әрі кеңейтуге берік негіз қалайды.

Компания өндірістің тұрақты өсу қарқынын сақтауды және өткізу нарықтарын кеңейту жұмысын жалғастыруды жоспарлап отыр. Кәсіпорынның қолданыстағы қуаттылығы жылына 100 мың тоннаға дейін өнім шығаруға мүмкіндік береді.

«2025 жылы какао бұршақтарын қоса алғанда, шикізат бағасының өсуі қаржылық нәтижелердің алдыңғы жылмен салыстырғанда төмендеуіне әкелді», — деп хабарлады Ахмед Ахроров.

Ол 2025 жылы компания нарыққа жаңа өнімдер шығарғанын атап өтті. Атап айтқанда, қант қосылмаған ZERO желісі іске қосылып, вафли өнімдерінің ассортименті кеңейтілді. Сондай-ақ 2025 жылы компания жүгері снэктерін өндіруге инвестиция салып, өнім портфелін одан әрі кеңейтуге негіз қалады.

«Лотте Рахат» директорлар кеңесі мүшелерінің 2025 жылғы қорытындысы бойынша негізгі сыйақысының жалпы сомасы 122,9 млн теңгені құрады. Директорлар кеңесінің құрамына: Джин Хон Тхак, Мин Джун Унг, Ахмед Ахраров, Мұхтар Мақұлбаев және Бэ Джонг Хан кіреді.

Басқарма мүшелеріне 2025 жылғы қорытындысы бойынша төленген негізгі сыйақы мен сыйлықақылардың жалпы сомасы 290,175 млн теңгені құрады. Басқарма құрамына: Ахмед Ахраров, Рю Хикхи, Им Вонхек, Жанна Оразбаева, Марат Нұрғазиев, Сергей Кременцов және Динара Рахимова кіреді. 1 шілдедегі жағдай бойынша «Лотте Рахат» акцияларының 95,57% оңтүстіккореялық LOTTE WELLFOOD CO., LTD компаниясына тиесілі.

«Лотте Рахат» 2025 жылы 106,4 млрд теңге кіріс алды, 2024 жылы – 90,9 млрд теңге. Сонымен қатар пайда 4,96 млрд теңгеге дейін төмендеді, 2024 жылы 6,4 млрд теңге болған. 2025 жылдың соңында компанияның бөлінбеген пайдасы 71,9 млрд теңгені құрады.

2025 жылғы жалпы кірісте шоколад өнімдеріне 58,5 млрд теңге (2024 жылы – 50,1 млрд теңге), бисквит өнімдеріне – 21,3 млрд теңге (20,3 млрд теңге), кәмпит өнімдеріне – 14,4 млрд теңге (12 млрд теңге), басқа өнімдерге – 14,5 млрд теңге (10,7 млрд теңге) тиесілі болды.

Компания елдер бойынша кіріс бөлінісі туралы деректерді келтірмейді, алайда 2025 жылдың соңында сауда дебиторлық берешегінің 1,8 млрд теңгесі теңгемен, 561,5 млн теңгесі АҚШ долларымен, 363 млн теңгесі ресей рублімен және 141,5 млн теңгесі қырғыз сомымен қарыздарға тиесілі болды.