Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған делегация Лондонда Ұлыбритания үкіметі, халықаралық банктер мен экспорттық-кредиттік ұйымдардың өкілдерімен кездесіп, Alatau City инфрақұрылымдық жобаларын қаржыландыру тетіктерін талқылады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
UK Export Finance (UKEF) басшылығымен өткен дөңгелек үстелде Alatau City-дің энергетикалық, көлік және коммуналдық жобаларын экспорттық кредиттерді, банктік кепілдіктерді және британдық экспортты мемлекеттік қолдаудың өзге де құралдарын пайдалану арқылы қаржыландыру мүмкіндіктері қарастырылды.
«Қазақстан тарапы британдық инженерлік компанияларды, жабдық өндірушілерді және қаржы институттарын тарту арқылы жүзеге асырылуы мүмкін энергетикалық объектілерді, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін, көлік инфрақұрылымын салу саласындағы басым жобалардың тізбесін қалыптастыруды ұсынды», – деп жазылған хабарламада.
Капитал тартудың практикалық тетіктері Standard Chartered-дың мемлекеттік сектормен жұмыс істеу бағыты жөніндегі жаһандық жетекшісі Чарльз Корбеттпен келіссөздердің тақырыбына айналды. Синдикаттық кредиттеу, халықаралық даму институттарымен бірлесіп қаржыландыру және экспорттық-кредиттік агенттіктердің кепілдіктерін пайдалану мүмкіндіктері талқыланды.
Ұлыбританияның мемлекеттік министрлері Анас Сарвар, Крис Макдональд және Канишка Нараянмен жеке кездесу өтті. Тараптар сауда-инвестициялық әріптестікті тереңдету, британдық технологияларды трансферттеу және ғылым, инновация, жасанды интеллект салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне баса назар аударды.
Мұнымен қоса, Alatau City-дің қалалық инфрақұрылымын цифрландыру перспективалары сөз болды. Білім беру бағыты аясында қазақстандық делегация Magdalen College School басшылығымен келіссөз жүргізді. Alatau City-де халықаралық деңгейдегі мектеп ашу, британдық білім беру бағдарламаларын енгізу және педагогтерді бірлесіп даярлауды ұйымдастыру мүмкіндігі талқыланды.
