«Левски» жартылай қорғаушысы Сержиньо Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу раундында «Қайратқа» қарсы өткен алғашқы матчтағы жеңіске қатысты пікір білдірді. Жалғыз голдың авторы болгар командасы кездесудің басынан-ақ тек жеңіске бағытталғанын мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

«Бұл ауыр матч болды, бірақ біз басынан-ақ тек жеңіске бағытталдық. Біз өте жақсы ойын көрсеттік және бұл жеңіс толығымен лайықты. Матч 90 минутқа созылады, кейде одан да ұзағырақ, бірақ біз әрқашан алаңға тек жеңіс үшін шығамыз», – деп Сержиньоны Sports.kz цитаталайды.

Сержиньо жеңіске ұмтылу «Левски» командасының жалпы ұстанымы екенін, мұны бас бапкер Хулио Веласкес сіңіретінін атап өтті.

«Бізде керемет біртұтас ұжым бар. Біз әрқашан тек жеңіс үшін ойнаймыз. Бұл көңіл-күйді бізге бас бапкер де жеткізеді. Ол тек алдағы матч туралы ойлайды, біз де сол көзқарасты ұстанамыз», – деді футболшы.

Сонымен қатар, «Левски» әзірге «Қайратпен» жауапты кездесуге толық көңіл бөлмейді. Қазақстанға сапар алдында болгар командасы ұлттық чемпионатта матч өткізуі керек.

«Алда өте маңызды ойын тұр, онда біз жеңуге міндеттіміз. Алдымен жұма күні жеңу керек, содан кейін ғана «Қайратты» жеңуге ұмтылу керек», – деп қосты Сержиньо.

Еске салайық, Софиядағы кездесу қожайындардың пайдасына 1:0 есебімен аяқталды. «Левски» матчтың басым бөлігінде басымдыққа ие болды және 13 соққы жасады, ал «Қайрат» бірде-бір соққы жасамады. Жалғыз гол 90+2-минутта соғылды: Сержиньоның айып алаңынан тыс соққысынан кейін доп Александр Мартыновичтен рикошетпен Темирлан Анарбековтың қақпасына түсті.

«Қайрат» пен «Левски» арасындағы жауапты матч 11 тамызда Түркістанда өтеді. Қарсыластық жеңімпазы ЧЛ негізгі турниріне жолдама үшін грекиялық АЕК клубымен бақ сынайды. Жеңілген команда Еуропа лигасының іріктеуіне түсіп, не грекиялық ПАОК-пен, не бельгиялық «Андерлехтпен» ойнайды.