Түркістан облысының Леңгір қаласында 63 жастағы әйелді белгісіз біреулер аяусыз соққыға жықты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға 22 тамызда сағат 01:30 шамасында болған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жәбірленушінің үйіне белгісіз біреулер терезе арқылы кірген. Олар үйде жатқан әйелді аяусыз ұрып-соққан, сондай-ақ оның ұялы телефонын алып кеткен.

Бұл үйде негізінен жәбірленуші әйелдің 82 жастағы анасы мен 52 жастағы інісі тұрған. Ер адам қарызға пайызбен ақша берумен айналысқан. Ал соққыға жығылған әйел Төлеби ауданының тумасы. Ол оқиға болатын күні анасының қасында болу үшін келген. Інісі сол кезде Дубайда демалып жүрген.

Полиция қылмыстық іс қозғады. Түркістан облысының полиция департаментінің мәліметінше, түнгі уақытта белгісіз адамдар тұрғын үйге кіріп, жәбірленушіге дене жарақатын келтірген және ұялы телефонын алып кеткен. Қазіргі уақытта әйелдің жағдайы тұрақты, оның денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.

Полиция күдіктілерді тезірек ұстауға бағытталған тергеу және жедел іздестіру іс-шараларын жүргізіп жатыр. Тергеу барысы Түркістан облысы полиция департаменті басшылығының бақылауында.