Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров «Фейктер туралы диалог» форумында Ресей туралы жалған ақпарат тарағанын мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Лавровтың айтуынша, бір кездері аты дүркіреген Скрипальдардың қазір қайда екенін ешкім білмейді, ал Ұлыбритания оларды ешкімге көрсетпейді. Ресей азаматтары Сергей және Юлия Скрипальді Ресей барлау қызметі улады деген ақпарат тараған болатын.

«Біз әлі күнге дейін Ұлыбританияның құқық қорғау органдарынан олардың қайда екенін айтуды талап етіп келеміз, жауап ала алмадық. Шын мәнінде Лондон біздің азаматтарымызды кепілде ұстап отыр», — деп атап өтті ол.

Оның айтуынша, «Навальныйдың улануы» туралы ақпарат та фейк. «Ол 2020 жылы сырқаттанып қалған кезде, Ресейдің өзі оны Берлинге емделуге жіберу үшін бар жағдайды жасады», — деді Лавров.

Министрдің пікірінше, тағы бір сәнге айналған тақырып – Еуропаға шабуыл жасап жатыр делінген Ресейдің дрондарына қатысты. «Алайда үнемі оның не дрон емес екені, не украиналық дрон екені анықталып жатады. Ал мән-жайы ешкімді қызықтырмайды», — деді ол.

Ресей СІМ басшысы Буча төңірегіндегі дауға да жеке тоқталды. «2022 жылы Макрон келіссөздерге жасалған қадам ретінде Ресейден Киев маңындағы елді мекендерден әскерін әкетуді сұрады. Екі күннен кейін Буча басшысы украин тарапының қаланы толық бақылауына алғанын мәлімдеді. Ол кезде түсірілім орталық көшеде жүргізілді, ал көше бос болатын», — деп еске алды Лавров.

Оның айтуынша, тағы бір күннен кейін бұл жерде BBC телеарнасының түсірілім тобы пайда болып, ондаған адамның мәйіті жатқан көшені көрсеткен. Лавровтың мәлімдеуінше, қаза тапқандардың аты-жөні көрсетілген ресми тізім әлі күнге дейін жарияланбаған.

Ресей СІМ бұған дейін Бучадағы мемориалда Украина әскерилерінің аты-жөні жазылғанын хабарлаған.