Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Ресейдің Еуропа елдеріне қарсы жасырын гибридті соғыс жүргізіп жатқанын жоққа шығарды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Лавров бұл мәлімдемені «Валдай» пікірталас клубында батыстық журналистке берген сұхбатында айтты. Оның пікірінше, Ресейге қарсы соғысты іс жүзінде Еуропа жүргізіп отыр.
«Оның ішінде Украинаға қару-жарақ, атап айтқанда дрондар мен зымырандар жеткізу арқылы Ресей аумағына қарсы шабуылдар жасалуда», — деді ол.
Лавровтың айтуынша, Ресей тарапы мұндай қаруларды тек атып түсіріп жатыр. Ал Мәскеуді «дөрекі күш қолданды» деп айыптауға қатысты Лавров Батыс елдеріне алдымен өз әрекеттеріне назар аударуды ұсынды.
Атап айтқанда, ол Венесуэладағы оқиғалар мен «Солтүстік ағын» газ құбырларының жарылуына қатысты жағдайды мысалға келтірді.
