Қызылордада құны 4 млрд теңге тұратын «Orhun Medical» жоғары технологиялық медицина орталығы ашылды, ол онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Qazaqyia.KZ ақпарат агенттігі.

Жаңа клиниканың ашылу салтанатына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров, Парламент Мәжілісінің депутаттары және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Аймақ басшысы бұл орталықтың тұрғындар үшін маңызы зор екенін атап өтті.

««Құны 4 млрд теңге болатын бұл жоба онкологиялық ауруларды ерте анықтауға, дерттің таралу деңгейін бағалауға, емдеу тиімділігін бақылауға мүмкіндік береді. Тұрғындарымыз ендігіде Астана, Алматы қалаларына, шетелдерге бармай-ақ, сапалы медициналық қызметтерді жергілікті жерде алады», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.»

Орталықтың негізгі бағыты – позитронды-эмиссиялық және компьютерлік томографияны біріктіретін жоғары технологиялық диагностика. Мұнда жылына 3 500 ПЭТ/КТ, 16 000 магниттік-резонанстық томография, 20 000 компьютерлік томография және басқа да көптеген зерттеу жүргізіледі.

Бұл – «Orhun Medical» компаниясының Қазақстандағы екінші жобасы. Бірінші орталық Ақтау қаласында ашылған. Қызылордадағы клиника Ұлытау, Түркістан және Ақтөбе облыстарының тұрғындарына да қызмет көрсетеді. Барлық зерттеулер тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында жүргізіледі.