АҚШ-тың Украинадағы қақтығысты реттеу жөніндегі келіссөздердегі мақсаты – қақтығыстың қайта басталу қаупін біржола болдырмайтын кешенді қауіпсіздік жүйесін қалыптастыру. Бұл туралы АҚШ президентінің күйеу баласы әрі арнайы өкілі Джаред Кушнер мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Кушнердің айтуынша, АҚШ президентінің тапсырмасы бойынша Вашингтон берік бейбітшілікке қол жеткізу жолын табу үшін барлық тараппен белсенді жұмыс істеп жатыр.
«Біздің назарымыз осы сұрапыл соғысты тоқтатуға ғана емес, сонымен қатар әскери іс-қимылдар аяқталғаннан кейін олардың ешқашан қайта басталмауын қамтамасыз ету үшін қажетті кең ауқымды қауіпсіздік жүйесін қалыптастыруға бағытталған», – деп жазды Кушнер X әлеуметтік желісінде.
Сонымен қатар, Ресей, АҚШ және Украина арасындағы үшжақты келіссөз 10–11 қараша күндері Әбу-Дабиде өтеді.
БАҚ мәліметінше, АҚШ атынан келіссөзге Кушнермен бірге президенттің арнайы өкілі Стивен Уиткофф қатысады.
