Қазақстан үкіметі Абай облысының Курчатов қаласында қуаты 700 МВт конденсациялық электр станциясын салу жөніндегі инвестициялық келісімді мақұлдады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Жобаны «ГРЭС Курчатов» ЖШС Энергетика министрлігімен бірлесіп жүзеге асырады.
«Жаңа станцияның құны 881 млрд теңгені құрайды. Әрқайсысының қуаты 350 МВт болатын екі энергоблогын 2032 жылға дейін кезең-кезеңімен пайдалануға беру жоспарлануда. Пайдалануға берілгеннен кейін электр станциясы жылына 5 млрд кВт·сағ-қа дейін электр энергиясын өндіре алады. Шамамен 4,4 мың жұмыс орнын құру көзделген», — делінген үкімет хабарламасында.
Жаңа электр станциясы Курчатов үшін қосымша электр энергиясының негізгі көзіне айналуы тиіс. Қалада Ұлттық ядролық орталық, Ядролық технологиялар паркі, зерттеу реакторлары, зертханалар және қазақстандық термоядролық токамак ҚТМ орналасқан.
Станцияда заманауи бу-күш қондырғылары мен «таза көмір» технологияларын қолдану жоспарлануда. Шығарындыларды азайту үшін газ тазарту, сүзу және шаң басу жүйелері қарастырылған.
Жоба Курчатовтың электрмен жабдықтау сенімділігін арттырып, ғылыми, өнеркәсіптік және қалалық инфрақұрылымды дамыту үшін қосымша қуаттар жасайды деп күтілуде.
Бұған дейін «Курсив» Абай облысындағы Курчатов қаласы еліміздегі алғашқы атом электр станциясын (АЭС) салу үшін ықтимал орын ретінде қарастырылғанын, алайда кейін Энергетика министрлігі онда қуаты 700 МВт көмір ЖЭО салуды шешкенін хабарлаған болатын.
