Үкімет Курчатовта қуаты 700 МВт электр станциясын салу жөніндегі 881 млрд теңгелік инвестициялық келісімді мақұлдады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды. Келісім Энергетика министрлігі мен «ГРЭС Курчатов» ЖШС арасында жасалды. Жоба Абай облысының Курчатов қаласында конденсациялық электр станциясын салуды көздейді.

Жаңа станция Курчатов қаласын одан әрі дамытудың энергетикалық негізіне айналады. Мұнда ірі ғылыми инфрақұрылым нысандары – Ұлттық ядролық орталық, Ядролық технологиялар паркі, зерттеу реакторлары, зертханалар және қазақстандық термоядролық КТМ токамак шоғырланған.

Жобаның құны мен қуаты

Жаңа станцияның құны – 881 млрд теңге. Әрқайсысының қуаты 350 МВт болатын екі энергия блогын кезең-кезеңімен 2032 жылға дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Электр станциясы іске қосылғаннан кейін жылына 5 млрд кВт·сағ дейін электр энергиясын өндіре алады. Жоба аясында шамамен 4,4 мың жұмыс орнын ашу көзделген.

Экологиялық талаптар

Нысан «таза көмір» технологияларын қолдана отырып, жоғары қысым мен температура жағдайында жұмыс істеуге арналған заманауи бу энергетикалық жабдықпен жарақтандырылады. Қоршаған ортаға жағымсыз әсерді азайту мақсатында жоба Экологиялық кодексі мен ең үздік қолжетімді техникалар талаптарына сәйкес газ тазарту, шығарындыларды сүзу және шаңды басу жүйелерін қамтиды.