Атырау облысындағы Жылыой аудандық соты Кулсары қаласындағы «Ниет» автогаз құю станциясында (АГҚС) болған жарылыс ісі бойынша үкім шығарды. Жарылыс салдарынан екі адам қаза тауып, 14 адам жарақат алды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы «Ак Жайық» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Жарылыс «Ниет» АГҚС-да болып, 43 жастағы Беркін Ибетов пен 40 жастағы кассир Мейрамгүл Сарбасованың өмірін қиды. Беркін Ибетов цистернаның ішінде болған, ал Мейрамгүл Сарбасова кассада жұмыс істеп тұрған. Олардың төрт баласы жетім қалды.

Жарылыстан 14 адам зардап шекті, оның ішінде төрт бала бар. Өрт үш бір қабатты ғимаратты, газ құю станциясын және оның артындағы екі қабатты ғимаратты шарпыды. Құтқарушылардың мәліметінше, жарылыстың себебі газдың ағуы болған.

Қайғылы оқиғадан бірнеше ай өткен соң АГҚС директоры ұсталып, үй қамағына алынды. Жылыой аудандық сотының анықтауынша, «Ниет ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры жарылыс қаупі бар нысанда қауіпсіздік ережелерін бұзған, бұл абайсызда екі адамның өліміне әкеп соқты. Іс Қазақстан Қылмыстық кодексінің 281-бабының 3-бөлігі бойынша қаралды.

Сот директорға 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, қаза тапқан ерлі-зайыптылардың балаларына моральдық шығынды өтеу ретінде әрқайсысына 10 миллион теңгеден төлеуді міндеттеді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ және шағымдануға болады.