Украинаның бұрынғы сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба 2022 жылдың соңында Украинаның Ресеймен бейбіт келісім жасасу мүмкіндігі болғанын мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

«Қазір 2022 жылдың соңында Ресеймен келісімге келуге мүмкіндік болды деген әңгімелер айтылып жүр. Айтпақшы, мен де келісемін, сол кезде келісімге келіп көруге болатын еді», – деді Кулеба «Украинская правда» басылымына берген сұхбатында.

Оның айтуынша, сол кезеңде майдандағы жағдай Украина үшін қолайсыз бағытта өзгере бастаған. Алайда Украина қоғамында ел аумағын 1991 жылғы шекарасына дейін қайтаруға деген сенім мен жеңіске деген үміт күшейіп, бұл бейбіт келіссөздерге кедергі болған.

Сонымен қатар Украина Жоғарғы радасының бұрынғы депутаты Вадим Новинский 22 қазанда президент Владимир Зеленский 2022 жылдың көктемінде қақтығысты реттеу үшін Ресей тарапының негізгі талаптарын қабылдауға дайын болғанын мәлімдеген еді.