Кубада 10 миллион халықты тұтас қамтыған жаппай электр жарығы сөнді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Associated Press басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Мемлекеттік «Электр одағы» компаниясы X әлеуметтік желісінде жарықтың сөну себебі тергеліп жатқанын хабарлады. Энергетика және тау-кен министрлігі электрмен жабдықтауды қалпына келтіру хаттамалары іске қосылғанын мәлімдеді.

Отын тапшылығы Кубада қаңтар айынан бері жалғасуда. АҚШ президенті Дональд Трамп аралға мұнай сататын немесе жеткізетін кез келген елге тариф енгізу қаупін төндіргеннен кейін жағдай шиеленісе түсті. Бұл Кубадағы экономикалық және қаржы дағдарысын тереңдетті. Қоғамдық көлік тоқтап, ондаған мың операциялар кейінге шегерілді.

Куба қажетті отынның тек 40%-ын ғана өндіреді. Наурыз айының соңында ресейлік танкер жеткізген 730 000 баррель мұнай сәуір айының соңына дейін таусылды. Үкімет электр қуатын үнемдеу мақсатында 24 сағаттан асатын жоспарлы өшірулерді енгізген.

Мамыр айының ортасындағы жарықтың сөнуі аралдың шығыс провинцияларын, ал наурыз айының ортасындағы жарықтың сөнуі бүкіл аралды қамтыды.